Оқу орталығымыз “TIL TUG’YRY -2018» Құрмет марапатымен марапатталды

41632389_2150417641871830_5280723648334790656_n

Сонау орта ғасырдың өзінде-ақ М.Қашқари: «Тәрбие басы –тіл»  – деп  тілдің маңызы жайында айтып кеткен еді. Расымен, тіл – қоғамның айнасы. Қоғам санасының, түсінігінің бар көрінісі тіл арқылы көрінеді. «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады»  – деп, өткен ғасырда тілімізге байланысты жүргізілген қаншама саясатқа төтеп беруге тырысқан А.Байтұрсыновтан бастап қазіргі тәуелсіздік таңы атқан кездің өзінде тіл үшін күрес жүргізіп келе жатқан жанашырларымыз қаншама.

Бірақ өткен ғасыр мен қазіргі кездегі күрес сипаты әрине өзгеше. Еш қыспақсыз, бейбіт күнде ана тілін құрмет тұта алмай, жүректі  қан жылатып жүрген қара көздеріміз қаншама? Әлі де ресми іс-қағаздары тұрақты түрде мемлекеттік тілімізге көшті деп айту қиын. Бірақ теңіз тамшыдан құралады демей ме? Сол себептен тіл дамуына әр қазақ, әр мекеме өз үлесін қосуы керек.

Біздің  «Qazbilim» орталығының басты мақсаттарының бірі де осы. Атауынан бастап, барлық жұмыстар тікелей қазақ тілімен байланысты.  Орталық құрылып жұмыс жасағаннан бері, 47 оқу-құралы жарық көріп, Республиканың түкпір – түкпіріндегі қазақ тілді түлектердің, оқытушылардың сенімді құралына айналып үлгерді. Осы жылдар аралығында қаншама оқушы тек қазақ тілінде тек гуманитарлық ғылымдар ғана емес, жаратылыстану ғылымдарына (химия,физика, математика,биология)  да байланысты көптеген ақпарат алып, қазіргі таңда еліміздегі таңдаулы деген жоғарғы оқу орындарының студенттері атанып үлгерді. Бұдан тыс «Qazbilim» орталығы көптеген мекемелермен келісімшартты қазақ тілінде жасасуға ұйтқы болды.

Осы атқарылып жатқан еңбек ескеріліп, орталығымыздың директоры Аятжан Ахметжан ағайымыз Астана қаласы әкімдігінің “TIL TUG’YRY -2018» Құрмет марапатымен марапатталды. Ұжым алдағы уақытта да өз жұмысын жетілдіре түспек. Егер біз қоғамға ой салып жатсақ, қандай да бір адамның ана тілін меңгеріне, немесе оның қадір-қасиетін түсінуге ықпал ете алсақ, сол біз үшін үлкен жеңіс!

Blog Attachment

Leave us a Comment