Ұлы дала мектептеріне -10 жыл!

47462764_1613783558723305_4848679191379443712_n

Кеше заманауи білім берудің қазақстандық моделін қалыптастыру бағытында ашылған Назарбаев Зияткерлік мектептері 10 жылдығын “Ұлы дала мұрагерлері” – деген атпен атап өтті.

Қазақстан ХХІ ғасырдың басындағы қарқынды әлеуметтік-экономикалық дамуы техникалық, басқарушылық және көшбасшылық құзыреті жоғары деңгейдегі мамандарға аса қажеттілікті тудырды, Сондықтан 2008 жылы Қазақстан Республикасының президенті – Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша Зияткерлік мектептер құру жөніндегі жоба негізінде алғашқы білім ордасы Астана Назарбаев зияткерлік мектебі ашылған еді. Содан бері 10 жыл. Бүгінде Қазақстанда 21 зияткерлік мектеп бар.

Бұл мектепке сын айтушылар да, мақтаушылар да жетерлік. Қарапайым мектептердің жан басына шаққандағы қаржысынан 10 есе жоғары қаржы бөлінетін зияткерлік мектептердің білім сапасы, тәрбиесі, ұстанымы туралы әркім әртүрлі пікірде.

Маған бұл мектептердің жабдықталуы, мектептердің мүмкіндіктері, дербестігі ұнайды. Біздегі ХХІ ғасырдың сұранысына сай ең озыққа жақындайтын жабдықталу осы мектептерде ғана.

Кеше осы мектептер тұңғыш президент күніне байланысты “Ұлы дала мектептері” деген атпен 10 жылдығын тойлады. Оған Елбасының өзі қатысып біраз жылы лебіз білдірді. Бүгінде өз жолы қалыптасқан, нәтижелі жұмыс істеп жатқан ұжымның табыстары қомақты. 10 жыл ішінде біраз жетістікке жетіп, біраз баланың жұлдызын жақты.

Айтпақшы, бүгінде дәл осы мектептердің білім стандартын қазақстандық барлық мектептерге жалпыластыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Елбасы биылғы жолдауында “Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға тиіс. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі болады.” – деді. Яғни, біз қалай десек те болашақта бұл мектептердің стандарты барлық мектептерге жалпыласады.

Мен, әрине, барлық мектептердің Назарбаев зияткерлік мектептері деңгейінде жабдықталуын, замануи болуын, қаржы көлемінің артуын тілеймін, сол кезде біздегі кейбір реформалар сәтті болар еді. Бірақ, дәл қазір жалпыластыру аттыға еріп жаяудың таңы айырылыпты – дегендей болмай ма деген қорқыныш басым.

Бірақ, бұл мектептерге айту керек, айтылу керек сын бар. Оның алғашқысы, мемлекеттік тіл мәселесі. Себебі, бүгінде Қазақстанда қазақ сыныбында оқитын балалар мен орыс мектебінде оқитын балалар үлесі 78% да 22 %. Бірақ, өкінішке аталмыш мектептер оқушы қабылдауда бұл көрсеткішті, тіпті өтініш тапсырған оқушылардың тілдік үлесін ескермей, грантты 50/50 қағидасымен бөледі. Қазақ сыныптарына бір орынға 130 – ға жуық бала тапсырса, ал, орыс сыныптары 40-50 оқушыға жетпейді. Сонымен ғана қазақ сыныптарына түсу мүмкіндігі шектеледі.
Екіншісі, мектептің ішкі мәселесіне араласқым келмейді, бірақ, осы мектепте жұмыс істейтін шетелдік ұстаздар мен отандық ұстаздардың жалақысы да, шарт жағдайы да екі түрлі. Әрине, өзіміздікі төмен. Бұл жағдайдың да осы 10 жылдықтан ары аспай түзелгені жөн. Жүре түзелетін көштің де 10 жылда бағыты мен ұстанымы, мемлекетшілдігі түзелуге жетерлік уақыт.

Иә, не десек те, қазақстандық заманауи мектептердің көбеюі, білім сапасының артуы, бәсекеге қабілетті ұрпақтың өсуіне әлбетте, қуанамыз .

Елдің басты саласы – білім-ғылым сапасы арта берсін!Назарбаев зияткерлік мектептері, 10 жылдық мерейтойларыңыз құтты болсын! Әлемдік бәсекені мойындата берулеріңізді тілектеспіз.

Related Blogs

Leave us a Comment