Мезгілсіз ҰБТ-лар туралы

52748175_1717220888379571_6008195373456162816_n

Әлеуметтік желілерде жекеме көптен бері ата-аналар, түлектер тарапынан көп келетін бір сұраққа жауап бере кетуді жөн көрдім.

Биылдан бастап ҰБТ-ны бес мәрте тапсыруға болады, оның төртеуі (қаңтар, наурыз, шілде, тамыз) айында тапсыратындары тек ақылы оқуға түсушілерге арналған. Ал, мемлекеттік грантқа түсу үшін тек маусым айындағы ҰБТ сертификаты жарамды.

Енді, ата аналар мен түлектер осы «Қаңтар, наурыз айында тапсыратын ақылы ҰБТ-ға тапсырудың пайдасы бар ма? Әлде…» деген сұрақты көп қояды.

Бұл ақылы ҰБТ-ларды тапсырудың меніңше еш пайдасы жоқ. Себебі:

Біріншіден, баланың басын қайта-қайта ауыртып керек емес.

Екіншіден, ақылы бөлімге егер шектік балдан асқан жағдайда маусым айындағы тегін ҰБТ сертификатымен де түсе аласыз.

Үшіншіден, егер дәл сол кезде шекті балды ала алмай жатсаңыз, онда одан кейін тамыз айында да ақылы тапсыратын мүмкіндігіңіз бар, онда не асығыстық? Бірінші дайындықты дұрыстап, мемлекеттік грантқа неге үміттеніп көрмеске? Оның үстіне қазір грант көп, мүмкіндік көп.

Төртіншіден, өзімді бір сынап көрсем дегендер үшін онсыз да мектепте, дайындық курстарында аптасына сынақ тесттер жазуға болады, ол үшін ақылы түрде, бір жерге уақыт шығындап барып тапсырудың қажеті қанша? Өз деңгейіңді сынайтын онлайн, офлайн мүмкіндіктер жеткілікті ғой.

Әрі, осы ақылы ҰБТ-да жоғары бал алып, ертең тегін ҰБТ-да төмен бал алып қалсам, ақылы ҰБТ сертификатымен грантқа үміткер болып қалам ба, — деген жалған идеядан аулақ болыңыздар. Мемлекеттік гранттың конкурсына тек маусымдағы ҰБТ-ның сертификаты ғана жарамды.

Сізді мазалаған тағы қандай сұрақ бар? Заң шеңберінде жауап беруге тырысайық.

Барша түлектерге сәттілік тілеймін, дайындықтарыңыз жүйелі һәм тыңғылықты болсын!

Аятжан Ахметжанұлы. 

Leave us a Comment