ҰБТ-ны аяқталуға жақын, біраз түлек қолда сертификат, университет және мамандық таңдау деген маңызды басқыш алдында тұр. Күнде жекеме ондаған оқушы мен ата-ана кеңес сұрап жазып жатыр. Бәрінің сұрағы “Қай мамандық жақсы, мынандай балмен қай мамандық, қандай университетке түсе аламыз?” деп сертификат суреттерін жібереді. Әр адамға жеке кеңес беруге үлгермегендіктен арнайы мамандық таңдау кезіндегі маңызды түйіндерді ескертейін.
Мамандық таңдаған дұрыс. Ал, бірақ көбіміз “мамамдық” (мамасы таңдаған мамандық) таңдап кететініміз ақиқат. Жалпы, мамандық таңдау туралы ойымызды осыған дейін жазған едік, ол aizere.kz жеке блогымда тұр. 10 сынып болсаңыз, міндетті түрде оқыңыз.

Ал, дәл қазір сертификат бар, таңдау пәніміз белгілі, ендігі біздің таңдайтынымыз, шыны керек, мамандық емес, грант екені ақиқат. Жақсы мамандықтың грантына түсу ол – жарты бақыт, сол себепті мамандық пен университет таңдар кезде, ертең өкініп қалмас үшін төмендегі дүниелерді ескертейін.
1️⃣ Әр мамандыққа бөлінген гранттар тізімі шықты, жақсылап қараңыз, (kazbilim.kz сайтында тұр) бірақ, бір мамандыққа гранттың көп бөлінуі түсуге кепіл емес, аз грант бөлінген мамандықты аз адам, көп грант бөлінген мамандықты көп адам таңдауы мүмкін.

2️⃣ Бір мамандықты екі-үш университеттен таңдамай-ақ қойыңыз. Сіз конкурсқа түсудегі мүмкіндігіңізді азайтасыз. Себебі, грант университетке емес, мамандыққа бөлінеді.

3️⃣ Мамандық таңдаған кезде сертификаттағы балыңыз маңызды, асқан тәуекелге бармаңыз. Мысалы, 115-пен стоматология немесе 105-мен жалпы медицина таңдап әуре болмай-ақ қойыңыз. Көрпеңізге қарай көсілген дұрыс. Мұны қалай межелеуге болады?
Ол үшін өткен жылғы грант иегерлері тізімін көре салу жеткілікті. Ол да kazbilim.kz сайтында тұр. Биыл грантқа түсу балы төмендейді. Себебі нәтиже жылдағыдан төмен. Бірақ, кез келген мамандыққа өткен жылғы ең төменгі балдан – 10 балдан артық тәуекел қажет емес.

4️⃣ Балыңыз грантқа түсуден гөрі, тәуекелге жақын болса, онда ең маңызды кеңес, мамандық таңдау биыл 13-20 шілде аралығында жүреді. Сіз мамандықты 18-20 шілде арасы, жұрттың ең соңында тапсырыңыз. Себебі, ҰТО әр күні бір мамандықты неше адам таңдағаны туралы статистика жариялайды, соған қарап отырып, өз балыңызбен таңдаған мамандыққа түсу-түспеуіңізді 90% межелеуге болады. Себебі, мамандық таңдау басталған кезде өз алдына сенімділер бірінші таңдап кетеді, сосын бір грантқа неше адам таласып тұрғанына қарап, өз мүмкіндігіңізді біліп аласыз. Мысалы, бір грантқа 5 адамнан артық таласып тұрса, әуре болмаңыз. Бір грантқа 0,7 адам таласып тұрған мамандықты ойланбай таңдай беріңіз.

5️⃣ Әр құжат қабылдаған университет өзін таңдауды, өзінде бар мамандықты таңдауды ұсынуы, тіпті кейбірі “бізді таңдамасаң, құжатыңызды алмаймыз” деп міндетсінуі мүмкін. Бұл заңсыз! Сіз бір қаладан бір қалаға жүгірмей, өзіңізге ең жақын университетке құжат тапсырып, басқа университетті, қалаған мамандықты таңдай аласыз. Сосын грант иегерлері тізімі шыққан соң, өзіңіз түскен университетке құжатыңызды алып бара бересіз.

6️⃣ Құжатты 20 шілде, сағат 18.00-ге дейін тапсырып болсаңыз болғаны, ерте тапсыру мен кеш тапсырудың конкурсқа еш қатысы жоқ. Сондықтан, асығып қате таңдап қоймаңыз.

7️⃣ Ауыл квотасы, оралман квотасы немесе тағы басқа жеңілдіктер барлық мамандықта бола бермейді. Мысалы, ядролық физика, халықаралық қатынас мамандығында ауыл квотасы жоқ. Сондықтан мұны ескеру маңызды. Ауыл квотасы бар мамандықтар тізімі де kazbilim.kz сайтында тұр.

8️⃣ Танымал мамандық таңдап ертең өкініп қалмаңыз, өзіңіз ең жақсы маман болып шыға алатын саланы таңдаңыз. Хит мамандықтың сапасыз кадрі болғанша, ел менсінбейтін мамандықтың мықты маманы болу – табысқа жетудің төте жолы.

9️⃣ Университетті өз қалаңыздан басқа қалада оқуға кеңес беремін, “балам адам болсын десең, сыртқа айда” дейді біздің қазақ. Рас, университетті басқа қалада оқып, сәл де болса ыстық-суықты бастан кешіңіз, “ақ алақан” маман болып шықпас үшін. Үйдің қасында оқу – жан қинамаудың тамаша әдісі, бірақ, үйіңіз қасыңызда мәңгі тұрмайды.

1️⃣0️⃣ Биыл педагогикалық мамандықтардың шәкіртақысы көтерілді. Мұғалімдер жалақысы көтерілді. Бұл осы бағыттағы мамандықтардың грантқа түсу үшін балының артатынын білдіреді. Бұрынғыдай “тым құрыса мұғалім бола салам” дейтін ой енді жоқ.

1️⃣1️⃣ Биыл грант конкурсы орыс тобы, қазақ тобы деп бөлінбейді. Бұл да қазақ топтары үшін көптеген мамандықтың грант балының төмендеуіне әсер етеді. Енді орыс тобы мен қазақ тобында айырмашылық болмайды. Сондықтан, орыс тобы төмен болады деп орыс тобына талпынбаңыз. Енді бәрі бірдей.

❗️Айтпақшы, медициналық немесе педагогикалық мамандық таңдайтындар психологиялық тесттен өтулері міндетті, оны 15 шілдеге дейін тапсырып болу керек. Тапсырып қоймасаңыздар, ертең ондай мамандықты таңдай алмай қаласыздар.

Баршаңыздың грант иегері болуларыңызға тілектеспін, сәттілік болсын!
Сұрақтарыңыз болса, комментке жаза беріңіздер, бас-аяғын қосып тағы бір пост жазармын.

Республикалық “QAZBILIM” орталығы
Бас директоры Аятжан Ахметжанұлы

Add Your Comment

X
Сәлеметсіз бе? QAZBILІM орталығына қош келдіңіз! Төмендегі батырманы басу арқылы біздің менеджерлермен тілдесе аласыз.